Top.Mail.Ru

Жүктілік кезіндегі гестоз. Жүктілік гестозы кезінде не істеу керек?

Жарияланды: 11.09.2026
Оқу уақыты: 5 MIN
count 9

Жүктілік кезіндегі гестоз: белгілері және не істеу керек?

Жүктілік – әйел ағзасында көптеген физиологиялық өзгерістер пайда болатын ерекше кезең. Болашақ ананың жағдайын тұрақты бақылау жүктілік кезінде кездесетін асқынуларды уақытында анықтауға мүмкіндік береді. Солардың бірі ретінде күнделікті қолданыста гестоз термині жи кездеседі.
Гестоз – акушерлікте бұрын кеңінен қолданылған термин. Дәстүрлі жіктеуде ерте және кеш гестоз деп бөлінген. Қазіргі медицинада бұл жағдайлар бөлек қарастырылады: жүрек айнуы мен құсу көбіне жүктіліктің алғашқы кезеңінде байқалады, ал преэклампсия әдетте жүктіліктің 20-аптасынан кейін дамып, жүктілік кезіндегі гипертензиялық асқынуларға жатады.

Ерте гестоздың белгілері

Дәстүрлі әдебиеттерде алғашқы гестоз жүктіліктің алғашқы үш айлығында пайда болатын жүрек айнуы, құсу, тәбеттің және иіс сезудің өзгеруі сияқты жағдайларды сипаттау үшін қолданылған.
Яғни, гестоз жүктіліктің алғашқы үш айлығында байқалады дегенде көбіне ерте токсикоз туралы сөз болады. Жүктіліктің алғашқы үш айлығында құсу және жүрек айнуы әйелдер арасында жиі кездеседі. Алғашқы үш айлығында құсу және жүрек айнуы жеңіл болса, көп жағдайда ол ана мен балаға қауіп төндірмейді.
Алайда құсу өте жиі болып, әйел су немесе тамақ қабылдай алмаса, дене салмағы төмендесе, әлсіздік пайда болса немесе зәр мөлшері азайса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Себебі көп құсу ағзаның сусыздануына және электролиттік тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда бүйрек қызметін және қан көрсеткіштерін де бақылау қажет болуы ықтимал.

Кеш гестоз және преэклампсия

Бұрын «соңғы гестоз» немесе «кеш гестоз» деп аталған жағдайлардың ішінде қазіргі медицинада ең маңыздысы – преэклампсия.
Преэклампсия әдетте жүктіліктің 20-аптасынан кейін пайда болатын гипертензиялық бұзылыс. Оның маңызды белгілерінің бірі – қан қысымының 140/90 мм сын. бағ. немесе одан жоғары көтерілуі. Сонымен қатар зәр құрамында ақуыз пайда болуы немесе ағзалар қызметінің бұзылуын көрсететін басқа белгілер анықталуы мүмкін.
Жүктіліктің үшінші триместрінде қан қысымын жүйелі бақылау ерекше маңызды. Кейбір жүкті әйелдер ешқандай айқын белгі сезбеуі мүмкін, сондықтан жоспарлы тексерулерді өткізіп алмау керек.

Преэклампсияның белгілері қандай?

Преэклампсия кезінде қан қысымының жоғарылауымен қатар мынадай белгілер пайда болуы мүмкін: бастың ауруы, көздің бұлдырауы, іштің жоғарғы бөлігіндегі ауырсыну, жүрек айнуы мен құсу, бет пен қолдың ісінуі.
Ісіну жүкті әйелдерде басқа себептерден де жиі пайда болады, сондықтан ісінудің өзі преэклампсия диагнозын білдірмейді.
Бүйрек қызметінің бұзылуы кезінде зәр көрсеткіштері өзгеруі мүмкін. Сонымен бірге қан айналымы мен плацентаның қызметі бұзылуы ықтимал. Бұл жағдайда анаға ғана емес, құрсақтағы балаға да қауіп пайда болуы мүмкін.

Гестоз жүктіліктің қай кезеңінде қауіпті?

Жүктілік кезінде гестоздың асқынуы көбіне оның ауырлығына және медициналық көмектің қаншалықты ерте көрсетілгеніне байланысты. Преэклампсия бүйрек, бауыр, ми және қан ұю жүйесінің қызметіне әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ плацентаның қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуы баланың өсуіне әсер етуі ықтимал.
Ең қауіпті асқынулардың бірі – эклампсия. Эклампсия ана мен баланың өміріне қауіп төндіретін ауыр жағдай. Эклампсия кезінде жүкті әйелде кенеттен тырысу ұстамасы пайда болып, ол есінен танып қалуы, тыныс алуы қиындауы және жалпы жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Тырысу ұстамасының алдында қан қысымының қатты жоғарылауы, басылмайтын бас ауруы, көздің бұлдырауы немесе көз алдында жарқылдардың пайда болуы, жүрек айнуы және іштің жоғарғы бөлігінің ауыруы сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Эклампсия жүктілік кезінде ғана емес, босану барысында немесе босанғаннан кейінгі кезеңде де пайда болуы ықтимал. Мұндай жағдай әйелдің миына, жүрек-қантамыр жүйесіне, бүйрек пен бауыр қызметіне кері әсер етіп, сонымен қатар балаға оттегі мен қоректік заттардың жеткізілуін бұзуы мүмкін. Егер жүкті немесе босанған әйелде тырысу ұстамасы пайда болып, есінен танса, уақыт жоғалтпай жедел медициналық көмек шақыру қажет.

Гестоз тұқым қуалай ма?

Кейде «гестоз тұқымқуалаушылық арқылы да беріледі» деген пікір кездеседі. Бұл тұжырымды тура мағынасында қабылдау дұрыс емес. Гестоз немесе преэклампсия тікелей тұқым қуалайтын ауру болып саналмайды. Бірақ отбасында преэклампсия болған әйелдерде оның пайда болу қаупі жоғары болуы мүмкін.
Қауіп факторларына алғашқы жүктілік, көпұрықты жүктілік, артық дене салмағы, бұрыннан бар артериялық гипертензия, қант диабеті және бүйрек аурулары да жатады.

Алдын алу шаралары қандай?

Барлық жағдайда преэклампсияның алдын алу мүмкін емес. Дегенмен алдын алу шаралары мен тұрақты медициналық бақылау асқынуды ерте анықтауға көмектеседі.
Жүктілік кезеңінде режим сақтау қажет: жеткілікті демалу, теңгерімді тамақтану, дәрігер рұқсат еткен физикалық белсенділікті сақтау және жоспарлы қабылдаулардан уақытында өту маңызды.
Қан қысымын бақылау, қажетті қан мен зәр талдауларын тапсыру да жүкті әйелдің денсаулығын бағалауға көмектеседі. Қауіп тобына кіретін кейбір әйелдерге дәрігер преэклампсияның алдын алу үшін арнайы профилактикалық ем тағайындауы мүмкін. Мұндай дәрілік препараттарды өз бетінше қабылдауға болмайды.
Алғашқы және соңғы гестоз деп аталатын жағдайлардың айырмашылығын дұрыс түсіну маңызды. Ерте токсикоз бен преэклампсия – бір ауру емес. Әсіресе жүктіліктің 20-аптасынан кейін қан қысымының жоғарылауы мен басқа қауіпті белгілер пайда болса, медициналық тексеруді кейінге қалдырмаған жөн. 
Уақытылы бақылау, қан қысымын жүйелі өлшеу және дәрігердің ұсынымдарын орындау – ана мен баланың денсаулығын қорғаудың ең маңызды жолдарының бірі.

Гестоз пайда болған жағдайда не істеу керек?

Егер жүкті әйелдің қан қысымы 140/90 мм сын. бағ. немесе одан жоғары болса, бұл көрсеткішті елемеуге болмайды. Дәрігерге шұғыл  хабарласып, медициналық тексеруден өту қажет. Диагнозды бір ғана белгіге немесе үй жағдайындағы бір өлшемге қарап өз бетінше қоюға болмайды.
Дәрігер қан қысымын қайта өлшеп, қан және зәр талдауларын тағайындауы, бүйрек пен бауыр қызметін және баланың жағдайын бағалауы мүмкін.
Егер қатты бас ауруы басылмаса, көру бұзылса, іштің жоғарғы бөлігі қатты ауырса, ентігу, құрысу немесе жағдайдың күрт нашарлауы пайда болса, шұғыл медициналық көмекке жүгіну керек.

Қорытынды

Жүктілік кезінде болашақ ананың денсаулығындағы кез келген өзгеріске мұқият назар аудару маңызды. Жүктіліктің 20-аптасынан кейін қан қысымы жоғарылап, қатты бас ауруы, көрудің бұзылуы, ісіну немесе жалпы жағдайдың күрт нашарлауы байқалса, акушер-гинекологқа мүмкіндігінше тезірек қаралу қажет. Дәрігер қан қысымын бақылап, қажетті қан мен зәр талдауларын тағайындап, ана мен баланың жағдайын бағалайды. Егер тырысу ұстамасы, есінен тану, тыныс алудың қиындауы немесе жағдайдың кенеттен нашарлауы байқалса, жоспарлы қабылдауды күтпей, дереу жедел медициналық көмек шақыру керек. Преэклампсияны ерте анықтау және дәрігердің тұрақты бақылауында болу ауыр асқынулардың қаупін төмендетуге көмектеседі. Сондықтан жоспарлы тексерулерді өткізіп алмау, қан қысымын бақылау және акушер-гинекологтың барлық ұсыныстарын орындау – ана мен болашақ сәбидің денсаулығын қорғаудың маңызды бөлігі.

Mаманмен тексерілген ақпарат

Яндекс.Метрика